ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ

ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ

Шымкент қаласына сапары барысында еуропалық елдердің дипломатиялық делегациясы бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты.

Сапар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен басталып, делегация өкілдері студенттермен кездесті. Кездесу барысында “Жаһандық серіктестік үшін білім беру дипломатиясын дамыту” тақырыбында мазмұнды пікір алмасу өтті. Университет аумағында ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылып, достық пен ынтымақтастықтың символына айналды.

Одан кейін делегация Шымкент қаласының өндірістік әлеуетімен танысты. “Santo”, “BalTextile” және “KazAlpack” сияқты жетекші кәсіпорындарға барып, олардың заманауи технологиялармен жабдықталуы мен экспорттық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Сапар барысында қонақтар жаңадан салынған атшабар кешеніне де барды. Онда еуропалық дипломаттар ұлттық спорт түрлері — көкпар, теңге ілу, жамбы ату сынды сайыстарды тамашалап, халқымыздың бай мәдени мұрасымен танысты.

Кешкісін қала әкімінің бірінші орынбасары Асылов Қуаныш Жұмабекұлының қатысуымен іскерлік кешкі ас өтті. Кеш шеңберінде Шымкенттің экономикалық және инвестициялық әлеуеті талқыланып, дөңгелек үстел форматында пікір алмасу ұйымдастырылды.

Бұл сапар Шымкент пен Еуропа елдері арасындағы көпжақты әріптестікті тереңдетуге, жаңа бастамалар мен серіктестік жобаларды ілгерілетуге үлес қосты.

🔸Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының баспасөз қызметі