ВАРШАВАДА ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ВАРШАВАДА ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқарамасы шаһардың туристік мүмкіндіктері мен инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Варшавада роуд-шоу өткізді.

Роуд-шоу - «TT Warsaw 2022» халықаралық туристік көрмесі аясында ұйымдастырылды. Польшаның турбизнес өкілдерін қаламыздың туристік мүмкіндіктерімен, мерекелік іс-шаралармен, бағдарламалармен, туристік географиясымен таныстыру мақсатында өткен іс-шараға Димаш Құдайбергеннің Гданьск қаласынан жанкүйерлері арнайы келіп қатысып, Қазқстан және Шымкент қаласы туралы ақпарат алды.

Қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлері көрсетілген бейнероликтер көрсетіліп, қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. VR-көзілдірік арқылы Шымқалаға виртуалды саяхат жүргізілді. Одан бөлек, терең тарихы бар шырайлы Шымкент шаhарының табиғаты мен ауа-райы адамдардың өмір сүруіне және саяхаттап келген туристерге де өте қолайлы екені айтылды. Сондай-ақ, шетелдік серіктестерге ойын-сауық турларынан бастап рекреациялық, іскерлік және экотуризмге дейінгі туристік қызметтердің барлық түрлерінің маршруты ұсынылды.

Бұл қадамдар туристік ағымды ұлғайту үшін ғана емес, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, сапарлармен алмасу, өзара инвестициялар тарту, мемлекеттер арасындағы саяси диалогты кеңейту үшін де нәтиже береді деп күтілуде. Роуд-шоу барысында польшалық туроператорлар мен келушілер Шымкенттің туристік әлеуетін жоғары бағалай келе, туризм саласында бірлескен жобаларды ілгерілету үшін ынтымақтастықты жолға қоюға қызығушылық білдірді.