Шымкент пен Сиань ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Шымкент пен Сиань ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады
Шымкент қаласының әкімі Қытай Халық Республикасының Сиань қаласынан келген делегациямен кездесті.
 
Делегацияны Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Хэ Вэньцюань бастап келді. Кездесу барысында тараптар екі қала арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, туризм, логистика, мәдениет және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
 
Шымкент қаласының әкімі тарихи Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан екі қаланың өңіраралық байланыстарды нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің ірі мегаполистерінің бірі әрі маңызды көлік-логистикалық орталық саналатын Шымкент халықаралық әріптестікті дамытуға және инвестиция тартуға ерекше мән береді.
 
Кездесуде туризм мен көлік қатынастарын дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Қазіргі таңда Шымкент пен Қытай қалалары арасында тікелей әуе рейстері жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде іскерлік және мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етуде. Сонымен қатар, «Қытай – Орталық Азия» халықаралық мәдени-туристік пойызы жобасының бағытына Шымкент қаласын енгізу мәселесі қаралды.
 
Тараптар білім беру саласындағы әріптестікті де талқылады. Атап айтқанда, академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, студенттер санын арттыру және Сиань қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің Шымкентте филиалын ашу мүмкіндіктері қарастырылды.
 
Сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектордағы инвестициялық жобалардың келешегі сөз болды. Оның ішінде заманауи технологияларды қолдана отырып гүл өсіру бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды.
 
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі қала арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге дайын екендерін білдірді.