ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ГРУЗИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ГРУЗИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласында Леван Диасамидзе, Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесу өтті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі, логистика, туризм және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін қарастырды. Қала басшылығы Шымкенттің дамыған өнеркәсіптік базасы, көлік-логистикалық инфрақұрылымы және жоғары инвестициялық әлеуеті бар екенін атап өтті. Бүгінде қала аумағында алты индустриялық аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда инвесторларға қажетті жеңілдіктер мен қолдау шаралары ұсынылады.

Сонымен қатар көлік байланысын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен жылы ашылған «Шымкент – Тбилиси» тікелей әуе рейсі іскерлік және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу барысында Шымкент пен Кутаиси қалалары арасында бауырластық байланыс орнату мүмкіндігі де талқыланды. Тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін білдіріп, бұл кездесу екі ел арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.