2025 жылдың 24–26 қазан аралығында Шымкент қаласында ақпараттық пресс-тур өтті. Мақсаты – жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдерін қала тарихы мен мәдениетімен таныстырып, Шымкенттің туристік әлеуетін арттыру.
Үш күн ішінде Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қазақстан өңірлерінен келген 30-дан астам журналист пен travel-блогерлер Ибрагим Ата, Қарашаш Ана кесенелері, «Shym-Qala» кешені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы, «Алтын Орда» қолөнер орталығы, дендросаябақ, зообақ, «Қылует» мұражайы, Арбат және Ақмешіт үңгірі сияқты көрікті орындарды аралады. Сондай-ақ ShymCity park саябағындағы «Батпырауықтар фестиваліне» қатысты.
Шымкент – елдегі үшінші ірі қала, тарихы терең, дәстүрі мен заманауи мәдениеті үйлескен орталық. Пресс-тур қатысушылары қаланың сәулетімен, гастрономиясымен және қонақжай халқымен танысып, алған әсерлерін телеарналар мен әлеуметтік желілерде бөлісті. Бұл шара Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып, жаңа бағыттардың танымал болуына ықпал етті.