ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Республика күні мерекесі аясында Шымкент қаласындағы «Shymkent City» саябағында батпырауықтар фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік құттықтауын жеткізді. Фестиваль көпшілік үшін есте қаларлық демалыс алаңына айналып, мерекелік атмосфераны айшықтай түсті.

Фестивальдің мақсаты – отбасылық демалыс мәдениетін насихаттау, жастар бастамаларын қолдау және қаланың туристік тартымдылығын арттыру. Қатысушылар мен көрермендерге батпырауық ұшыру сайыстары, балаларға арналған шеберлік сабақтары, шығармашылық және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ сахналық бағдарлама шеңберінде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Іс-шара қоғамда бірлік пен көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыруға ықпал етті.

Фестиваль аясында Орталық Азия мемлекеттерінен келген шамамен 200 мотоциклшінің қатысуымен мото-маусымның жабылу салтанаты өтті. Мотошеру мерекенің көркін қыздырып, достық пен өзара түсіністіктің символына айналды.

Осындай мәдени бастамалар қаланың әлеуметтік ортасының дамуына, тұрғындардың белсенділігі мен оң көзқарасының қалыптасуына, сондай-ақ қоғамдық бірліктің нығаюына әсер етеді. Шымкент заманауи, креативті бастамаларды қолдайтын әрі тартымды қала ретінде өз имиджін нығайта түсуде.