Оңтүстік Корея, Мажарстан және Германия туроператорлары іссапармен Шымкент қаласына келді. Сапар аясында Шымкенттің туроператорларымен туризм саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжаттың мақсаты – жаңа тікелей әуе рейстерінің ашылуына байланысты туристік байланысты дамыту және Шымкенттің халықаралық туристік әлеуетін арттыру.
Қонақтарға қаланың басты туристік нысандары таныстырылды. Делегациялар «VisitShymkent» туристік ақпараттық орталығында, «Shymkent Creative Hub» алаңында, тарихи-мәдени кешен «Shym-Qala» цитаделінде, «Алтын Орда» галереясында және «Сейтжан Қари Есжанұлы» мешітінде болды. Сонымен қатар, Шымкент ипподромында ұлттық ойындар – «Көкпар» мен «Қыз қуу» ұсынылды.
Бұл келісім Шымкенттің халықаралық серіктестіктерін кеңейтіп, туризм мен мәдени байланыстарды дамытуға тың серпін береді.