ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК ИНДУСТРИЯ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК ИНДУСТРИЯ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Шымкент қаласында қонақ үй және мейрамхана әкімшілері мен гид-экскурсоводтарға арналған үш күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қатысушыларға теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды қамтитын шеберлік сағаттары ұсынылды. Туристік индустрияда мол тәжірибесі бар кәсіби мамандар мен халықаралық дәрежедегі сарапшылар спикер ретінде шақырылды.

Қонақжайлылық индустриясында 25 жылдан астам тәжірибесі бар Sheraton, Hilton Hotels және Emirates Airline сынды халықаралық компанияларда қызмет еткен, ICBT мектебінің бизнес-тренерлерін даярлау бойынша сертификатына ие, қонақүй бизнесін дамыту бойынша сарапшы, бизнес-тренер Диана Урманова өз тәжірибесімен бөлісті.

Қоғамдық тамақтану саласындағы сервис-тренер, PhD дәрежесіне ие сарапшы, персоналды кәсіби даярлаудың алғашқы мектебінің бастамашысы, 16 жылдан астам тәжірибесі бар Машков Александр Юрьевич дәріс оқыды.

Гидтерді, турлидерлерді, қонақүй мамандарын және туроператорларды оқыту саласының маманы Евгений Зальберг қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Проблемалық туристермен жұмыс, жергілікті қауымдастықтарды тарту арқылы бірегей маршруттар жасау, туристік өнімдерді жекелендіру және оны тиімді таныстыру, клиентке бағдарланған қызмет көрсету және кері байланыс жасау тетіктерін үйретті.

АҚШ-тың Бостон қаласындағы Grand Circle Corporation компаниясында 12 жыл жұмыс істеп, турлидерден бастап корпоративтік тренер және аймақтық сапа директоры қызметтерін атқарған тәжірибелі тренер-экскурсовод туристік сала мамандарына арнап дәріс оқыды.


Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі