
ШЫМКЕНТ: БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАН 40 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
🔷 Шымкент қаласында кезекті 40 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жалға берілетін, кейін сатып алу құқығы қарастырылған тұрғын үй бағдарламасы аясында жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
🔷 Пәтерлер жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріліп отыр. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғалар бар.
🔷 Бұл азаматтар Бозарық шағынауданында орналасқан заманауи үйлерге қоныстанады. Бұл көп қабатты нысандар барлық қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
🔷 Айта кету керек, баспана қорын ұлғайту тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың кезегін кезең-кезеңімен азайтуға және тұрғындарды жеке баспанамен қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі