
ШЫМКЕНТ: ТАҒЫ 31 ОТБАСЫНЫҢ БАСПАНАЛЫ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРДЫ
🔷 Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында салынған пәтерлердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі қатысып, қоныс тойын тойлаған тұрғындарды құттықтады, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызын атап өтті.
🔷 Жаңа баспанаға 31 отбасы ие болды. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар. Пәтерлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жеңілдетілген несиелеу шарттарымен берілді.
🔷 Көп қабатты үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан және барлық құрылыс нормасы мен сапа талаптарына сай пайдалануға беріліп отыр. Пәтер бөлу «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында, төлем қабілеттілігін растаған азаматтар арасында жүзеге асырылды.
🔷 Айта кету керек, мұндай жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі