
ТҰРАН ШАҒЫНАУДАНЫНДА 24 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
🔷 Шымкент қаласында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған тұрғын үй бағдарламаларын кезең-кезеңімен іске асыру жалғасуда. Тұран шағынауданында баспана кезегінде тұрған 24 отбасыға жалға берілетін пәтерлердің кілті табысталды.
🔷 Бұл пәтерлер қаланың коммуналды үй қорынан беріліп отыр. Жаңа қоныстанушылар қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар.
🔷 Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы баспана қорын жаңарту және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
🔷 Айта кетейік, жалға берілетін үйлерді табыстау бекітілген тізімдер мен белгіленген рәсімдерге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы бағытта жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 187-сі кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі