Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру

 

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру

 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының (әрі қарай –Заң)  13-бабына, «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына және «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» (әрі қарай - Қағида) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2021 жылғы 12 тамыздағы № 437 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Тұрғынжайды жекешелендіру – Заңға сәйкес жүзеге асырылатын, азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғынжайларды меншігіне сатып алуы болып табылады.

         Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдаушы кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйдi осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы.

 

        Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алушылар санаттары:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

      3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

      4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

      5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығуы салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған әскери қызметшілер;

      6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

      7) мыналар:

      еңбек сiңiрген жылдары күнтiзбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған;

       еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік есептеумен он және одан көп жыл болған және жасына қарамастан мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды), оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамды (мүгедектігі бар адамдарды) асырап-бағып отырған әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар.

      Әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен шығарылған, осы тармақшаның бірінші бөлігінде аталған, тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оны өтеусіз жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;

      7-1) өз-өзіне қол жұмсау (өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда), қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес мақсатта тұтыну салдарынан қаза тапқанды (қайтыс болғанды) қоспағанда, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің, құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелері;

      8) ғарышкерлікке кандидаттар мен ғарышкерлер;

     9) саяси қуғын-сүргiндер құрбандары, сондай-ақ "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар.

 

        Қалған азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді

қалдық құны бойынша бөліп төлеу негізінде жекешелендіре алады.

Тұрғын үйдің қалдық құны он бес миллион (15 000 000) теңгеден асқан жағдайда, тұрғын үйді жекешелендіру кезінде оны он бес жыл мерзімге дейін бөліп төлеу шартымен сатып алуға жол беріледі. Алғашқы жарна 10%.

Ал тұрғын үйдің қалдық құны он бес миллион (15 000 000) теңгеден аспаған жағдайда, бөліп төлеу мерзімі он жыл. Алғашқы жарна 10%.

       Негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғынжайда елу пайыз немесе елу пайыздан кем үлесінің болуы кейіннен оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асыруына кедергі болмайды.

Азаматтың тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайтын тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғынжайды ғана жекешелендіруге құқылы.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және автоматтандырылғандықтан, құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру «Kezekte.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады және әрбір азамат электронды цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦП) құжаттарын портал арқылы электронды түрде тапсыруына болады.

Мына жағдайларда тұрғынжай жекешелендірілмейді:

     Егер Қазақстан Республикасының азаматтары:

     1) Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжайы болса, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлесінің болуы есепке алынбайды;

     2) Қазақстан Республикасының аумағында ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша міндеттемесі болса;

     3) жекешелендіруге өтініш берген кезге дейін соңғы бес жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарса;

     4) біржолғы тұрғын үй төлемдерін, ақшалай өтемақы алса немесе тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алу міндеттемелерін орындаса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.