«АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНА 110 ЖЫЛ
Бүгін, әлемдік баспасөз бостандығы күні қарсаңында қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ақын,жазушылары, қала тұрғындары «Жастар аллеясы» саябағындағы «Айқап» журналына арналған көрмені тамашалауға жиналған. Көрме - Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен әзірленді.
Саябаққа кіргеннен көдің жауын алар ерекше форматтағы көрмеге тарихтан сыр шертер туындылар, журнал бетіндегі ескі жазбалар келушілер назарын өзіне аударғандай.
1911-1915 жылдар аралығында оқырман көзайымы болған «Айқап» журналы қазақ елі үшін өшпес із қалдырған, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы, қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінде орасан зор рөл атқарған бірден бір дүние. «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі рөл атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық –саяси және әдеби журналы болды. «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеяларын ілгері дамытуына себепші бола білді.
Қазақтың басына қара бұлт үйіріліп, қылышынан қан тамған саясаттан қорықпай елді ынтымақ пен бірлікке, оқуға шақырған қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары, ұлттық интелегенттеріміздің қалам сиясы тамған «Айқап» газеті қымбат қазақ үшін қымбат.
Көрмеге келген зиялы қауым, журналистика саласының майталмандары, арнайы ат басын бұрған қонақтар ыстық естеліктермен бөлісіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген мерейлі мерекені ұлықтады.