ШЫМКЕНТ - ЦИРК ЖАҢҒЫРТУ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҰСЫНБАҚ

ШЫМКЕНТ - ЦИРК ЖАҢҒЫРТУ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҰСЫНБАҚ

ШЫМКЕНТ - ЦИРК ЖАҢҒЫРТУ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҰСЫНБАҚ

«Шымкент-цирк» МКҚК-ның ұйымдастыруымен өткен «Шымкент - цирк: Аңдарсыз жаңа бағдарламалар» тақырыбындағы брифингте цирк өнерінің мәселелері талқыланды.

Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі РМҚК директоры Мырзахан Қадыров, «Астаналық цирк» МКҚК директорының орынбасары Владислав Бернадский, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұтұрғанов, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі РМҚК «Цирк өнері» пән-бірлестіктер комиссиясының оқытушысы Николай Маркин цирк өнерін дамыту, «Шымкент-цирк» мекемесінің алдағы жаңғырту жобалары бойынша пікір алмасты.

«Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Мекеме биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. «Шымкент-цирк» МКҚК директорының міндетін атқарушысы Нұрлан Әділхановтың айтуынша, өнер ұжымы 2021 жылды аңдарды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасымен бастайды. Ендігі кезекте клоунада және шапито, джигитовка, жонглерлік ету және эквилибристика, әуе гимнасттары секілді бағыттарды дамытпақ. Сондай-ақ, мекемені одан әрі абаттандыру, кадрлар дайындау – күн тәртібіндегі мәселе.

– Наурыз мерекесіне үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Цирк өнерін жаңғырту, түрлі тәжірибелерді енгізуде бірқатар жоспарларымыз бар. Күніне 10-20 адамнан дайындық жүргізілуде. Жалпы мерекеге дайын болуымыз керек. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары, кадрлар дайындау, оларға жағдай жасау сынды мәселелер бойынша тұжырымдама дайындау қолға алынуда. Болашақта мамандарға жатақхана салу бойынша ұсыныстарымыз бар. Бізде мамандар жетіспейді. Бұл өнерге еңбекқор жастарды тартуымыз керек. Жатақхана салу – уақыт талабы. Осы мәселелерді талқылау үшін мамандарды арнайы шақырттық, – дейді Н. Әділханов.

Брифингте Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан келген қонақтар цирк өнерін дамытудағы бастамаларға оң бағасын беріп, ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі РМҚК директоры Мырзахан Қадыров жатақхана салу өте жақсы бастама екенін алға тартып, мамандар дайындауға назар аудару керектігін меңзеді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі насихат жұмыстары нәтижесінде дарынды шәкірттер шығып жатқанына тоқталып өтті.