ШЫМКЕНТТЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ӘСЕРЛІ ДРОНДАР ШОУЫМЕН ҚОРТЫНДЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТТЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ӘСЕРЛІ ДРОНДАР ШОУЫМЕН ҚОРТЫНДЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында төрт күнге созылған мерекелік думан бүгін Астана алаңында шарықтау шегіне жетті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған концерттер қалаға ерекше мерекелік атмосфера сыйлап, бір мезетте мыңдаған көрерменнің басын қосты.

24 наурыздағы мерекелік бағдарламаның күндізгі бөлігінде өткен «Оркестрлер тартысы» ұлттық әуендер мен әлемдік классиканы ұштастырған мазмұнды музыкалық сайысқа айналды. Ал кешкісін сахнада көпшілік асыға күткен танымал әншілер — Қайрат Нұртас пен Баянсұлу өнер көрсетіп, мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Кештің ең әсерлі сәті — аспанда өткен дрондар шоуы болды. Жарық шамдар арқылы түнгі аспанда қазақ халқының мәдени құндылықтарын бейнелейтін түрлі көріністер көрсетілді. Көрермендер Қазақстан картасын, «Digital Kazakhstan» жазуын, қала нышандары мен тарихи тұлға Байдібек бидің бейнесін тамашалады.

Одан кейін көрермендер тайқазан, асықтар және бүр жарған қызғалдақты тамашалады. Бұл бейнелер молшылықты, ұлттық дәстүрді және табиғаттың жаңаруын білдіреді. Шоу соңында «Наурыз құтты болсын» деген мерекелік жазу пайда болып, аспанды жылылық пен бірлікке, жаңа бастауға толтырды.

Осылайша, Шымкент жұртшылығы Наурыз мерекесін шат-шадыман көңіл күйде қарсы алып, көктемнің шуақты мерекесін кең көлемде атап өтті.