
Бүгін Шымкент қаласының «Астана» алаңында Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз мейрамына арналған «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер думаны өтті. Салтанатты шара халқымыздың төл өнерін ұлықтап, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын қала тұрғындары мен қонақтарына паш етті.
Мерекелік бағдарламаның шымылдығын «Қаратау» фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» күйімен ашты.
Сахна төрінде халық әндерімен қатар Ақан сері, Біржан сал, Кенен Әзірбаев сынды бітуар тұлғалардың шығармалары орындалды. Дәстүрлі әншілер мен термешілер ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетіп, тыңдарманды терең тебіреніске бөледі.
Күмбірлеген күй өнері шараның ерекше сәніне айналды. Құрманғазының «Байжұма», Сүгірдің «Аққуы», Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйлері орындалып, Астана алаңын ұлттық рухқа кенелтті.
Қылқобыз, домбыра және өзге де фольклорлық аспаптардың үнімен шебер орындаушылар өз өнерлерін ортаға салып, аспаптық музыканың сан қырлы мүмкіндігін танытты.
Мерекелік думан «Қаратау» фольклорлық ансамблінің орындауындағы рухты «Қара жорға» күйімен салтанатты түрде қорытындыланды.
Шымкент қаласының мәдени тынысын айшықтаған бұл шара қала тұрғындары үшін нағыз рухани азық болып, Наурыз мейрамының шырайын келтіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.