ШЫМКЕНТТЕ БАС ШЫРШАНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ БАС ШЫРШАНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

 

Бүгін Шымкент қаласындағы Астана алаңы ерекше ажарға бөленді. Ұлттық аспаптар, симфониялық және эстрадалық оркестрлердің орындауындағы «Jingle Bells» әні шырқалып, қаланың бас шырша шамы салтанатты түрде жағылды.

 

Мерекелік кеш 100-ге жуық Аяз ата мен Ақшақардың әсем биімен ашылып, алаңға жиналған жұртқа шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде елімізге танымал эстрада жұлдыздары — Бағлан Жолдасов, Бота Әлімхан, Махмуд Үрімбаев, Астана Қарғабай, Серік Гамза-заде, Серік Ибрагимов және басқа да өнерпаздар өнер көрсетіп, әсем әндерімен кештің көркін қыздырды.

 

Жарқыраған шырша, әуезді ән мен шат күлкіге толы алаң қала тұрғындарының жүрегіне жылу сыйлап, жаңа жыл мерекесінің жақындағанын сезіндірді. Шымкенттіктер бас шыршаның шамы жанған сәтті ерекше қуанышпен қарсы алып, ұмытылмас әсерге бөленді.