Шымкентте алғаш рет «MIRAS» халықаралық түркі этнодизайнерлер форумы өтуде

Шымкентте алғаш рет «MIRAS» халықаралық түркі этнодизайнерлер форумы өтуде

Шымкентте түркі әлемінің сән өнері мен қолөнерін бір алаңға тоғыстырған маңызды мәдени шара – «MIRAS» халықаралық түркі сәндік этнодизайнерлер форумы басталды.

 

Бұл форум қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Форум «Түркі киімтануы және өрнек семиотикасы» атты ғылыми-танымдық конференциямен ашылды. Шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, форумның түркі халықтары мәдениетін танытудағы маңызын атап өтті.

 

Конференция барысында қатысушылар дәстүрлі түркі киімдерінің ерекшеліктерін, ою-өрнек семиотикасын, сондай-ақ ұлттық киімдердің заманауи бағыттағы үлгілеріне кеңінен тоқталды.

Ауқымды мәдени жиынды Шымкент қаласының әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.

 

Форумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген этнодизайнерлер мен сән зерттеушілері, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкенттен белгілі дизайнерлер қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, ғылыми және шығармашылық баяндамаларын ұсынды.

 

Айта кету керек, форум аясында бүгін сағат 17:00-де Концерттік көрме орталығында этнодизайнерлердің сән көрсетілімі өтеді.