
2025 жылдың 5–10 қазан аралығында Марокко Корольдігінің Загора қаласында өткен XIX халықаралық транссахаралық кинофестивалі аясында ұлттық мереке – Республика күні атап өтілді.
Фестивальдің алғашқы күнінде еліміздің атынан «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Қаратау» фольклорлық ансамблі, «Яссы» заманауи би ансамблі, сондай-ақ дәстүрлі және эстрадалық бағыттағы әншілер өнер көрсетіп, қазақ өнерін жоғары деңгейде насихаттады.
Екінші күні қазақ және марокколық ұлттық киімдердің бірлескен сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қос елдің мәдени байланысы одан әрі нығайтылды.
Үшінші күні отандастарымыз Загора мүгедек жандар орталығында қайырымдылық концертімен өнер көрсетіп, жергілікті халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленді.
Сондай-ақ әріптестеріміз Марокконың жергілікті өнерпаздарымен бірігіп, Загора провинциясының Бен Золи ауылында үлкен концерт қойып, көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.
Бұл сапар – қазақ өнерінің халықаралық деңгейде насихатталуы мен мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.