Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ қалалық мәдениет ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері белсенді түрде атсалысты. Сенбілікке барлық мекеме басшылары мен ұжым мүшелері бір кісідей қатысып, өз үлестерін қосты.
Сенбілік жұмыстары Абай ауданына қарасты Шымсити шағынауданындағы Әбілхайыр хан көшесінің бойында және мәдениет мекемелері аумағында өткізілді.
Тазалық шаралары аясында жол жиегіне бейберекет төгілген тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, арамшөптер мен тікенді өсімдіктер орылып, қураған ағаш бұталары кесілді.
Айта кетейік, бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Аталған экологиялық бастама – ел аумағында қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеу мақсатында қолға алынған кең ауқымды жоба болып табылады.