
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ САЛТАНАТПЕН БАСТАЛДЫ! Бүгін Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау «Астана» алаңында басталды. Алаңда орналасқан сахнада 500 адамның қатысуымен Наурыз мейрамына арналған «Наурызнама» музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетілді. Сонымен қатар, алаңға жиналған көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмелерін тамашалады. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да тартысты өтіп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл күнді қала тұрғындары мен қонақтары бір-біріне жылы тілектерін айтып, ұлттық дәстүрлер мен жоралғыларды тамашалап, Наурыз мейрамының мәнін терең сезінді. Айта кету керек, 19.00-де отандық және әлемдік танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана» алаңында мерекелік гала-концерт жалғасатын болады. Наурыз мерекесі баршаға құтты болсын!