Шымкентте «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» республикалық конференциясы өтті Бүгін Халықтар достығы университетінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» республикалық конференциясы өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Шымкент қаласында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында ұйымдастырылды. Конференция барысында мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлі, оны дамыту мен насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Шымкент қаласында жүргізілген жұмыстар туралы бейнеролик көрсетілді. Конференцияда Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қазақ тілінің ұлттық мазмұны туралы ой қозғап, оның бірлік пен тұтастықты қалыптастырудағы маңызына тоқталды. ҚР Ақпарат саласының үздігі Оңғар Құрал сөз қолданысымыздағы олқылықтар жайында сөз сөйлесе, филология ғылымдарының докторы, профессор Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы тілдік дискриминация мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің өкілі Батырбек Жалмұрзаев мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі маңызын атап өтті. Ал Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілі Амина Егизбаева елімізде орын алған тілдік кемсітушілік жағдайлары және онымен күрес шаралары жөнінде баяндады. Конференцияға тіл мамандары, БАҚ өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысты.

