ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Экологиялық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиынға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бақытжан Жақсықұлов, Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов, Дендросаябақ директоры Есдәулет Достияров және комиссия мен кеңес мүшелері қатысты. Кездесу барысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы жайлы ортаны дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов өз баяндамасында 2024 жылы атқарылған істерге тоқталып, 2025 жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, биылғы жылы қала микроклиматын жақсарту мақсатында ирригациялық жүйелер арқылы су арналары іске қосылған. Сонымен қатар, былтыр қала аумағына 220 мыңнан астам раушан гүлі (роза) отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар саябақтар мен аллеяларға ағаш отырғызу арқылы жалғасады. Қаланың көркейтілуіне «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының да үлесі зор. 2024 жылы аталған бастама аясында 200 мың ағаш көшеті отырғызылып, 24 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Бұл экологиялық шараларға 320 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан. Сонымен қатар, биыл «ТАЗА АУЛА» және «WORLD CLEAN-UP DAY» сынды жаңа экологиялық жобалар қолға алынбақ. 29.04.2025
