
Таллин, Эстония, 20–26 шілде 2026 жыл. ISSF аясында өтіп жатқан қозғалмалы нысанаға оқ атудан әлем чемпионатында 17 елден келген 85 спортшы өзара мықтыны анықтауда.
Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күндерінде-ақ жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салды. 10 метр қашықтықтағы қозғалмалы нысанаға атудан (10M Moving Target Women) әйелдер арасындағы сайыста Фатима Ирназарова әлем чемпионы атанып, алтын медаль жеңіп алды. Ал Зухра Ирназарова қола жүлдеге ие болып, Қазақстан құрамасының табысына зор үлес қосты.
Бұл жеңістер – қазақстандық нысана көздеу мектебінің халықаралық деңгейдегі жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спортшылардың жетістігі – ұзақ жылғы жүйелі дайындықтың, қажырлы еңбектің, темірдей тәртіптің және кәсіби шеберліктің жемісі.
Әлем чемпионатындағы бұл нәтижелер Қазақстанның мергендік спорттағы беделін нығайтып, жас спортшыларға үлкен мотивация береді. Фатима мен Зухра Ирназарованың жетістігі – бүкіл ел мақтан тұтатын тарихи жеңіс.
Қазақстан құрамасын және жүлдегер спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы халықаралық додаларда да көк Туымызды биікте желбіретіп, жаңа белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.