ШЫМКЕНТТЕ XXXV QOSANOV MEMORIAL ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТЕДІ

ШЫМКЕНТТЕ XXXV QOSANOV MEMORIAL ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТЕДІ

     30 маусым мен 1 шілде аралығында Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда жеңіл атлетикадан дәстүрлі XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтеді.

     Даңқты Олимпиада жүлдегері, қазақ жеңіл атлетикасының аңызы Ғұсман Қосановтың құрметіне ұйымдастырылатын дода биыл 35-ші рет жалауын көтермек. Осы уақыт ішінде Qosanov Memorial әлемнің түкпір-түкпірінен үздік спортшылар жиналатын беделді халықаралық жарыстардың біріне айналды.

     Биылғы турнирге 11 мемлекеттен 250-ге жуық спортшының қатысуы жоспарланған. Екі күнге созылатын жарыста атлеттер жеңіл атлетиканың 27 жеке бағдарламада және 4 эстафеталық сайыста өзара мықтыны анықтайды.

     Айта кетейік, Qosanov Memorial турнирі 2021 жылдан бері World Athletics Continental Tour Bronze деңгейіндегі халықаралық жарыстар күнтізбесіне енген. Бұл оның әлемдік жеңіл атлетика қауымдастығындағы жоғары мәртебесін айқындай түседі.

     Шымкент төрінде өтетін халықаралық турнир жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі тартысты бәсекелерді тамашалауға мүмкіндік беріп, жеңіл атлетика мерекесіне айналмақ.