Шымкент құрамасы Халық ойындарында жоғары нәтиже көрсетті

Шымкент құрамасы Халық ойындарында жоғары нәтиже көрсетті

Түркістан қаласында төрт жылда бір рет өткізілетін VIII Қазақстан Республикасының Халық ойындары мәресіне жетті. Дәстүрлі додаға еліміздің барлық өңірінен келген спортшылар қатысып, ұлттық және бұқаралық спорт түрлері бойынша өзара бақ сынады.

Байрақты бәсекеде Шымкент қаласының құрамасы да жоғары дайындық деңгейін байқатып, бірқатар спорт түрлерінен үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, әйелдер арасындағы 3х3 баскетбол командасы мен үстел теннисі шеберлері алтын медаль иеленіп, жарыстың чемпиондары атанды. Сонымен қатар, қол күресінен шымкенттік спортшылар күміс жүлдеге қол жеткізсе, ерлер волейбол құрамасы қола медальді еншіледі.

Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша Шымкент қаласының құрамасы 222 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Бұл нәтиже спортшылардың қажырлы еңбегі мен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының жемісі екені сөзсіз.

Халық ойындарындағы жоғары жетістік Шымкент қаласында бұқаралық және ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындырады деген сенім мол.