ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БРИГАДАЛАРЫНЫҢ СМАРТ-БЕЙНЕЖЕТОНДАР ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БРИГАДАЛАРЫНЫҢ СМАРТ-БЕЙНЕЖЕТОНДАР ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласында еліміз бойынша алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін интеллектуалды смарт-бейнежетондармен жабдықтау жобасын жүзеге асыру толық аяқталды.

Жоба медициналық персоналдың қауіпсіздігін арттыруға және шұғыл медициналық көмек көрсету барысын жетілдіруге бағытталған.

🔷 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жедел жәрдем бригадаларына арнайы жабдықтарды табыстап, осылайша жүйенің қаладағы шұғыл әрекет ету қызметтерінде практикалық қолданысы басталды.

🔷 Жоба қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы мен «Қазақтелеком» АҚ бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Медициналық бригадаларға жалпы саны 240 смарт-бейнежетон берілді. Жүйені орнату, баптау және жаппай пайдалануға енгізу бойынша барлық жұмыс толық орындалды.

🔷 Айта кету керек, толық іске қосылуының алдында жоба үш ай пилоттық режимде жұмыс істеді. Оның нәтижесі цифрлық шешімнің тиімділігін көрсетіп отыр.

🔷 Смарт-бейнежетондар шақырту кезіндегі іс-әрекеттерді жазып алуға, төтенше жағдайлар туындаған кезде дабыл сигналдарын жіберуге, сондай-ақ, деректерді орталықтандырылған түрде сақтау мен өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл технология медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға, олардың құқығын қорғауға және даулы жағдайлар туындаған кезде нақты дәлелдер базасын қалыптастыруға бағытталған.

🔷 Жүйе қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр және қаланың жедел жәрдем бригадалары барлық құрылғыны белсенді пайдаланып келеді. Смарт-бейнежетондарды енгізу Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады