
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және іс жүргізу барысында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің маңызды міндеті. Мемлекеттік тілде құжаттарды дұрыс әрі сауатты рәсімдеу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың тілдік құқықтарының сақталуына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес барлық шығыс хаттар, сондай-ақ оларға қоса берілетін ілеспе материалдар мен қосымшалар міндетті түрде мемлекеттік тілде рәсімделуі тиіс.
Қосымша материалдар орыс тілінде ұсынылған жағдайда, оларды мемлекеттік тілге аудару қажет.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың құқықтық негізін айқындайды және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың тіл заңнамасын сақтау міндетін белгілейді.
Мемлекеттік тіл – кәсіби міндет
Мемлекеттік тілде іс жүргізу – мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Оқыту іс-шараларын ұйымдастыру және жүйелі бақылау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оның қоғамдағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.