
2025 жылғы 3 қараша күні Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен қала аумағында жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алулардағы анықталған заңбұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымды қарау бойынша жиын өтті. Жиынға қалалық басқармалар мен аудан әкімдері аппараттарының өкілдері, сондай-ақ оларға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Кездесу барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталмау деректері талқыланды. Прокуратура тарапынан анықталған бірқатар кемшіліктер мен заңбұзушылықтар көрсетіліп, оларды жою бойынша нақты шаралар ұсынылды. Прокуратура өкілдері жауапты тұлғаларға заң талаптарын бұлжытпай сақтау қажеттігін ескертіп, алдағы уақытта мұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жиын қорытындысы бойынша әр мемлекеттік орган мен мекемеге мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ашық, әділ және тиімді өткізуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Шымкент қаласы прокуратурасы алдағы уақытта да мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуына тұрақты түрде қадағалау және талдау жұмыстарын жүргізуді жалғастыратын болады.