ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акция қаланың барлық бес ауданында бір уақытта өтті.

Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, жаяу жүргінші жолдары, арықтар мен жол жиектері тазартылып, қураған шөптер орылды. Сонымен қатар, ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары, ардагерлер, ерікті жастар және коммуналдық қызмет мекемелерінің қызметкерлері белсенді қатысты.

Қала тұрғыны Нұржан Есенқұлов осындай шаралардың жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екенін атап өтті.

«Біз сонау қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген ұрпақпыз. Табиғатты аялау – бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың бір көрінісі. Осындай шараларға қатысу – жастарға үлгі көрсетудің тамаша жолы. Қаламыз таза болса – көңіліміз де таза болады», – дейді ол.

Жастар өкілі Дана Ерханова да экологиялық акцияға белсенді қатысып, өз үлесін қосты.

– «Біз тек қана аула тазалап жатқан жоқпыз, қалаға жайлы әрі таза орта жасап жатырмыз. Бұл – біздің ортақ үйіміз, сондықтан оған қамқорлық таныту – әр азаматтың борышы. Табиғатқа жанашырлық – рухани тәрбиенің бір бөлігі. Бүгінгі шарада экологиялық мәдениет туралы көп мағлұмат алдық», – дейді жас беленді.

Акция аясында қатысушылар арасында тазалықтың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мен қала белсенділері қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау және табиғатты аялау туралы ақпарат берді. Бұл түсіндіру жұмыстары әсіресе жастар мен тұрғындары үшін пайдалы әрі тәрбиелік мәнге ие болды.

«Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен ұқыптылықты қалыптастырып, отансүйгіштік сезімді арттырады. Тазалық – тек сыртқы көрініс емес, бұл – ішкі мәдениет пен жауапкершіліктің айнасы. Табиғатты қорғау – келешек ұрпаққа аманат екенін естен шығармаған жөн», - дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шараның басты мақсаты – қала экологиясын жақсарту, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және ұрпақ санасына қоршаған ортаға деген құрметті сіңіру. Қала әкімдігімен бұл игі бастама әрі қарай да жалғасатын болады.