
Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен мәжілісі өтіп, қала дамуына және тұрғындардың әл-ауқатына тікелей қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.
Мәжіліске аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқармалар мен ұйымдардың басшылары, полиция және төтенше жағдайлар департаменттері басшылары қатысты.
Күн тәртібіне енгізілген 6 мәселе депутаттардың жан-жақты талқылауынан өтті. Оның ішінде 2026–2028 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджетіне өзгерістер енгізу, толық бітіріп берілетін құрылыс объектілерінің тізбесін бекіту және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын белгілеу мәселелері бар.
Бұдан бөлек, халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын берудің жаңа қағидаларын бекіту, сондай-ақ заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты мәслихат аппаратының ережесін жетілдіру мәселелері қаралды.
Талқылау барысында депутаттар ұсынылған мәселелердің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын және қабылданатын шешімдердің тұрғындар үшін нақты нәтижесін назарға алды.
Әр мәселе бойынша жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалып, депутаттар тарапынан нақты сұрақтар қойылып, тиісті түсіндірмелер берілді.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен мәжілісі – алда қабылданатын шешімдердің жан-жақты зерделеніп, олардың тиімділігі мен орындалуына депутаттық бақылау қамтамасыз етілетін маңызды алаң.
Мәжіліс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер сессияның қарауына ұсынылды.