Бүгін қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, еңбек және әлеуметтік дауларды өркениетті жолмен шешу, қала тұрғындарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша үшжақты келісім қабылданды.
Қала мәслихатымен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар және «Маида» медиация және психология орталығы» қоғамдық бірлестіктерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазіргі таңда құрамында 60 мыңнан астам мүшесі бар кәсіподақтар ұйымы еңбек қатынастарын реттеуде үлкен маңызға ие. «Маида» бірлестігі өткен жылды 120 аса адаммен оң медиативтік келісім (жер дауы, отбасылық мәселелер (ажырасу, татуласу, бала құқығы,бизнес, жеңіл және орташа деңгейдегі қылмыстық істер және т.б.) жүргізіп, бірыңғай қызмет көрсету орталығы арқылы 500 жуық азаматқа кеңес беру, адвокаттық құқықтық көмек көрсеткен.
Осы Меморандум арқылы қоғамдық мәселелерді медиация тетіктері арқылы тиімді әрі бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін жаңа алаң қалыптастырамыз. Бұл бастама қала тұрғындарының мүддесіне қызмет етеді деген сенімдеміз.
Меморандум аясында еңбек, әлеуметтік және отбасылық дауларды сотқа дейін шешу және соттан тыс жолмен реттеу, медиация институтын дамыту, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетудің қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр.
Ынтымақтастық шеңберінде тараптар азаматтарға тегін құқықтық, медиативтік және психологиялық кеңес беру, медиаторлар мен кәсіподақ өкілдеріне арналған оқыту бағдарламаларын өткізу, сондай-ақ бірлескен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыратын боламыз.