Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХХІІ сессиясы өтті

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХХІІ сессиясы өтті

26 желтоқсан күні Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХХІІ сессиясы өтті. Мәжілісті мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізді. Сессия жұмысына мәслихат депутаттары, қала әкімі Ғ. Сыздықбеков, әкімдік мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия тікелей онлайн трансляция форматында көрсетілді. Күн тәртібіне 7 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Негізгі мәселелер қатарында Шымкент қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы 2025 жылдың 11 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, бірқатар салаларда тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Жалпылама алғанда қала экономикасының өсімі 14,2 пайызды құрап, сауда, өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс және тұрғын үй салаларында оң көрсеткіштерге қол жеткізілген.

Сессия барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерге өзгерістер енгізілсе, кейбір жобалардың күші жойылды. Бөлшек салық мөлшерлемесіне қатысты бұрын қабылданған шешімнің күшін жойылды.

Әкімдік жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының құрамы келісілді. Құрмет грамотасымен наградтау ережесіне өзгерістер енгізіліп, мәслихаттың бұрын қабылданған кейбір шешімдері өзектендірілді.

Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, 2025 жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.