Бүгін Парламент Сенатының Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Кеңес төрағасы Жақып Қажманұлы Асанов ашты.
Кеңес жұмысына Сенат комитеттерінің төрағалары, Ұлттық экономика вице-министрі Б. Омарбеков, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т. Мұқашев және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардың мәслихат төрағалары ВКС арқылы қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту. Отырыста әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының округтерде жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру мәселесі талқыланды. Бастама тұрғындардың өзекті мәселелерді шешу үдерісіне тікелей қатысуын арттырып, мәслихаттар мен халық арасындағы өзара байланысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Төлеубек Төлеуұлы пилоттық жобаның негізгі мақсаты мен міндетін, оларды іске асыру тетіктерін және күтілетін нәтижелерді егжей-тегжейлі таныстырды.
Сондай-ақ, мәслихат депутаттары халықпен жұмыс істеудегі оң тәжірибелерімен алмасты. Өңірлік мәслихат өкілдері азаматтардың өтініштерін қарау, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру, жергілікті проблемаларды жедел әрі тиімді шешу жолдары бойынша нақты мысалдар ұсынды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы М. Мұқаев, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы И. Теренченко, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты М. Нәлібаев, Қарағанды облыстық мәслихатының тұрақты комиссия төрағасы Қ. Оспанова, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы мәслихатының төрағасы Л. Гречушникова, сондай-ақ Шымкент қаласы мәслихатының депутаты М. Қонақбаев өз өңірлеріндегі нәтижелі тәжірибелерімен бөлісті.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар қабылданды.