
Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Сессияға қала әкімінің бірінші орынбасары Кәрімов А.М., әкімдік мүшелері, аудан әкімдері, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Сессия тікелей онлайн трансляцияда көрсетілді.
Сессияны мәслихат төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы ашып, күн тәртібіне енген мәселелер талқыланды. Атап айтқанда,
2025 – 2027 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды. Қала бюджетінің шығыс бөлігі 45 млрд теңгеге артып, 850 млрд теңгеден 895 млрд теңгеге ұлғайды.
«Шымкент қаласының басқару схемасына өзгерістер енгізілді. Жаңадан 2 басқарма Жастар саясаты басқармасы, Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқармасы құрылды.
Кадрлық өзгерістерге байланысты қала әкімдігінің дербес құрамы және терроризмге қарсы комиссияның, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның, құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссияның дербес құрамдары келісілді.
Сонымен қатар, жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары, ортақ су пайдаланудың қағидалары бекітілді.
Сессия соңында қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы бюджет мәселесіне тоқталып, қала бюджетін 1 трлн жеткізу жоспарларымен бөлісті. Бюджеттен бөлінген әрбір қаражат мақсатты жұмсалатынын жеткізді. Халық үшін қолайлы жағдай жасау – ортақ міндет екенін атап өтіп, осы бағытта депутаттармен бірлесіп, атқарған жұмыстарға алғысын білдірді.