ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетов және депутаттар А. Елшиева, И. Тулебаев мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына зерделеу жүргізді.
Аралау барысында № 75 мектеп-гимназия, Дарынды балаларға арналған № 1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты және Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Депутаттар мектептердің оқу кабинеттерін, спорт зал, асхана, кітапхана, медициналық пункт жұмысы және оқу құралдарымен қамтылуы, ауланың абаттандырылуын басты назарға алып, жоспарланған жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Ең маңызды мәселе — оқушылардың қауіпсіздігі. Осыған байланысты мектеп инспекторларының қызметі, ғимаратқа кіру жүйесі, бейнебақылау камераларының орнатылуы, дабыл батырмалары олардың жедел басқару орталығымен байланыс деңгейі мұқият қаралды.
Сонымен қатар, мектептердің санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы мен алдағы жылу маусымына дайындығы да назардан тыс қалмады.
Жалпы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарынан уақытша комиссия құрылып, қаладағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына зерделеу жүргізілуде.
Депутаттар қаладағы 252 нысанға яғни, жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер мен мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін жекеменшік мектептерді аралап, дайындық деңгейін қарайды.
Бүгінде 180-ге жуық нысан араланды, 70-тен астам мектептерде зерделеу шаралары жүруде.
Зерделеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталып, нәтижесі 2024 жылғы 26 тамызда өтетін қала мәслихатының сессиясында талқыланып, бекітіледі.
Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдануы үшін қала әкімдігіне ұсынылатын болады.