2025 жылғы 11 маусым күні Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХVІІ сессиясы өтті.
Сессия отырысына қала әкімі Ғ. Сыздықбеков, әкімдік мүшелері, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Сессия тікелей эфирде онлайн трансляцияланды.
Кезекті сессияны мәслихат төрағасы Б. Нарымбетов ашып, регламентке сәйкес күн тәртібіндегі төмендегі мәселелерді қарады:
1. Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің лауазымына тағайындауға келісім беру туралы;
2. Шымкент қаласы әкімдігінің және Шымкент қаласы тексеру комиссиясының Шымкент қаласының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есептері;
3. Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына ұсыныс енгізу туралы;
4. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы;
5. Шымкент қаласында сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстар туралы;
6. Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының атқарған жұмыстары туралы есебі;
7. Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Шымкент қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау беру жөнінде ұсыныстарды енгізу туралы;
8. «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 29 наурыздағы № 47/378-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешiмiне өзгеріс енгізу туралы;
9. «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы;
10. Шымкент қаласы мәслихатының кезекті сессиясының өткізілуін жоспарлау туралы.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия барысында қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Әл-Фараби ауданының әкімі лауазымына Мықтыбеков Маратбек Саманбекұлының кандидатурасын ұсынды. Депутаттар кандидаттың бағдарламасымен танысып, лауазымға тағайындауға келісім берді.
2024 жылғы бюджеттің атқарылуы Шымкент қаласы қаржы басқармасының басшысы Р. Бақтыбаев баяндама жасап, Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының м.а. Н. Абдезов қорытынды берді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармаларының атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды. Депутаттар тарапынан саладағы өзекті мәселелер талқыланып, басқарма басшыларына бірқатар ұсынымдар берді.
Шымкент қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша қаладағы жалпы 22 құрамдас бөлікке, оның ішінде атауы жоқ – 12 көшеге атау беру, атауы өзгертілетін – 8 көшені қайта атау және атауы жоқ 2 аллеяға атау беру бойынша ұсыныстар қаралды.
Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына айрықша еңбек сіңірген 25 азаматқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қала әкімі Ғ. Сыздықбеков сессия жұмысын қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен бөлісті. Маңызды шешімдерді жүзеге асыруға қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдірді.