ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ ТАРАПЫНАН 8 АЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ ТАРАПЫНАН 8 АЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

Бүгін басқарма басшысының орынбасары Е. Ажибаев Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингінде құрылыс басқармасының 2026 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

2026 жылы қала аумағында 66 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар бар.

Жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 102 мың шаршы метрді құрайтын 32 тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде 1243 пәтер ел игілігіне тапсырылатын болады. Оның ішінде 12 тұрғын үй Тұран шағынауданы аумағында, ал 20 тұрғын үй Бозарық шағынауданы аумағында орналасқан.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 2018 пәтер сатып алу көзделген. Қазіргі таңда оның 720-сы сатып алынды.

Қалада инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Атап айтқанда, Бозарық және Тұран шағынаудандарында 3 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылың жаңа оқу жылына дейін 5 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы мен 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Жыл соңына дейін екі мектепке қосымша ғимараттар салынып, әлеуметтік және медициналық мекемелер пайдалануға беріледі.