АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте азаматтарды амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері, 2026 жылға арналған жоспарлар және 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

 Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаевтың мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 381 900 шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. 3 817 пәтерден тұратын көп қабатты 66 үйдің 34-і (2 575 пәтер) пайдалануға берілді. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі болып отыр.

 Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін өткен жылы нарықтан 1 529 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда үйлердің бір бөлігі балансқа берілді, қалған нысандар бойынша «Отбасы банк» АҚ тіркеу рәсімдерін жүргізуде. 2026 жылы 1 243 пәтерден тұратын 32 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс негізінен Бозарық және Тұран шағынаудандарында жүруде.

 Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараевтың айтуынша, есепті жылдың қорытындысы бойынша қалада тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсім тіркелді. Өткен жылдың басынан бері тұрғындар саны 34,8 мың адамға артып, 1 млн 291 мың адамды құрады, ал дүниеге келген балалар саны 20,2 мыңнан асты.

 Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі тұрғындарды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуді, үйлерді пайдалануға беру сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, инвестиция тарту, бюджетті тиімді орындау және қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.