
Сәуле шағынауданында өртке қарсы қызмет, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерінің заманауи әмбебап кешені іске қосылды. Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев, азаматтық қорғаныс ардагерлері және сала қызметкерлері қатысты.
№11 өрт сөндіру бөлімі, полиция қызметкерлері және жедел жәрдем бригадасы орналасқан кешенде қызметтік бөлмелер, ГТҚҚ бекеті, оқу кабинеті, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы және спорт алаңы бар. Сонымен қатар, арнайы техника гаражы мен көлік тұрағы қарастырылған.
Жаңа депо жедел қызметтердің шұғыл оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, 75 мыңға жуық тұрғыны бар сегіз елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және мегаполистің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Шымкентте бұған дейін Елтай және Таскен шағынаудандарында осындай әмбебап кешендер пайдалануға берілген болатын. Келесі жылдың басында Бозарық-3 шағынауданында тағы бір нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
2026 жылы, сонымен қатар, Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Shymcity, Жаңаталап және Ақжар шағынаудандарында осындай үлгідегі алты кешен салу көзделген.