ҚАЛА ӘКІМІ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЛА ӘКІМІ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 530 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Өсу қарқынын төмендетпеу үшін пандемия кезеңінде жеке бизнес субъектілерін қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар әзірленді. Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы – 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілген. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалымен өткен мәжілісте кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ондағы өзгерістер барысы талқыланды. Жиынға үшінші мегаполис кәсіпкерлері мен екінші деңгейлі банк басшылары да қатысты.

Мәжілісте қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков баяндама жасады. Жаңа шарттар - кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуге, субсидиялауға жататын несие көлемін 7 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік беретінін, сонымен бірге, бағдарламаның бірінші бағыты - кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау және кредиттер мен микрокредиттер бойынша ішінара кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау шараларын көрсету болып өзгертілген атап өтті.