
Шымкент қаласының әкімі «Shenyang Hongda Iron and Steel Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесіп, қала аумағында заманауи металлургия зауытын іске қосу жобасын талқылады.
Кездесу барысында инвестор тарапынан жоспарланып отырған өндіріс орнының негізгі бағыттары таныстырылды. Кәсіпорында заманауи технологияларды, оның ішінде жоғары қуатты электр доғалы пештерді пайдалана отырып, арматура, сым шыбық, болат шарлар және тар жолақты болат өндіру көзделіп отыр.
Жобаның бірінші кезеңіне шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 1,5–2 жыл ішінде аяқтау көзделуде. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 1 млн тоннаға дейін металл өнімін өндіруге және 500-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Кездесуде жобаны жүзеге асыру үшін өндіріс орнын орналастыру, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және қажетті ұйымдастыру мәселелерін шешу бойынша жұмыстар талқыланды.
Қала әкімі инвесторларға Шымкентте өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, жобаны іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Шымкенттің металлургия саласын дамытуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қала экономикасына шетелдік инвестициялар тартуға оң ықпал етеді.