Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстандық ірімшік сатылымын арттыру үшін маркетингтік құралдарын қолдану» жобасын іске қосу тапсырмасын орындау мақсатында,Шымкент қаласындағы сауда желілерімен тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Аталған тапсырма аясында, “Ұлттық аналитикалық орталық” корпоративтік қоры әзірлеген тұтынушылардың отандық өнімге қызығушылығын арттыруға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып, «F-Mart» және «Turan» сауда желілерінде «Қазақстанда жасалған» ақпараттық стикерлері орналастырылып, аудиохабарламалар іске қосылды.
Сонымен қатар, сауда орындарының кіреберістеріне ақпараттық баннерлер ілінді. Аталған жоба Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуда.
Аталған шаралар отандық өндірушілерді қолдауға, Қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға және тұтынушылар арасында жергілікті тауарларға деген сұранысты арттыруға ықпал етеді.