Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов пен қала прокуроры Ғабит Мұқановтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауда атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды.
Шымкент қаласы – бизнес жүргізуге қолайлы өңір. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд теңге қаржы бөлінген. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан түрлі преференциялар көрсетілуде. 2025 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан.
Бүгінгі жиынның мақсаты – кәсіпкерлермен бірлесе өзара сенімді диалог орнатып, проблемаларды бірлесіп шешу, сонымен қатар инвестиция саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, шешімін қарастыру.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстарды, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытындағы шараларды баяндады. Іс-шарада қала кәсіпкерлері де өз ұсыныстарын білдірді.