АУДАНДА КҮЗГІ МАУСЫМДЫҚ АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

АУДАНДА КҮЗГІ МАУСЫМДЫҚ АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ


Қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында ағымдағы жылдың 13 қарашасы күні Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен аудан аумағындағы «Нұрсәт» тұрғын алабында кезекті сенбілік жұмыстары өткізілді. Сенбілік жұмыстарына аудан әкімі орынбасары Қ.Қалдықараев, аудан әкімі аппараты қызметкерлері, тұрғын алап тұрғындары, көгалдандыру жұмыстарына жауапты мердігер мекемелер, Қаратау аудандық жастар және волонтерлік ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Біз әрқайсымыз өз ауламызды, көшені, қаланы, ауданды таза ұстауға тырысуымыз қажет. Жалпы халық арасында сенбіліктер дәстүрге айналу керек. Тек аумақты тазалау және ағаш отырғызумен шектелмей, отырғызылған жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп отырған дұрыс. Мұндай сенбіліктердің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Тұрғындардың өз балаларын осынау игі іске тартып, тәртіп пен тазалыққа баулып жатқандары қуантады. Жайлылық пен тәрптіпті бірге орнатайық!» - деп атап өтті аудан әкімі орынбасары Құдайберген Қалдықараев.
Сенбілік барысында жалпы 100-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде арша - 58, қайың - 42. Сондай-ақ, сенбілік жұмыстарына 100 адaм қамтылып, 8 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, бүгінге дейін жалпы аудан аумағында көшелер бойына 5016 түп жапырақты ағаш, 480 түп қылқан жапырақты ағашы, 903 түп бұта, 72 түп қырымдық қайың ағашы, 154 848 көп жылдық гүл, 96 309 түп бір жылдық гүл, 4888 түп раушан гүл, 10 848 м2 аумаққа жасыл екпелер отырғызылды. Ал аудандағы көгалдандыру және күтіп ұстау жұмыстарын «Build Stroi» ЖШС атқарады.