КӨК БАЙРАҚ – ЕЛ МӘРТЕБЕСІНІҢ БЕЛГІСІ

КӨК БАЙРАҚ – ЕЛ МӘРТЕБЕСІНІҢ БЕЛГІСІ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аясында Қаратау ауданында патриоттық рухты дәріптеуге бағытталған іс-шаралар кең көлемде жүзеге асырылуда.

Мерекелік күн қарсаңында аудан тұрғындары ерекше белсенділік танытып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін нақты іспен көрсетті. Атап айтқанда, Тұран шағынауданында тұрғындардың бастамасымен 10-нан астам көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ілінді.

Көк Тумен көмкерілген тұрғын үйлер ауданның ажарын аша түсіп, елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен татулықтың айқын көрінісіне айналды. Бұл бастама тұрғындардың Отанға деген сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетіп қана қоймай, жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етуде.

Мемлекеттік Ту – халқымыздың мақтанышы, егемендігіміздің нышаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы. Сондықтан әрбір азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.

Қаратау ауданы тұрғындарының бұл игі бастамасы көпшілікке үлгі болып, мерекенің маңызын арттыра түсті. Елдік рух асқақтап, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!