
Мегаполисте қоғамдық ортадағы тазалық пен тәртіпке баса назар аударылған. Осы мақсатта қаланың барлық ауданында тексеру жүргізілуде.
Әкімдік мамандары мен экополиция қызметкерлері Тұран және Тассай шағынаудандарының аумағында тазалық талаптарының сақталуын бақылау мақсатында кезекті рейдке шықты.
Нәтижесінде құрылыс қалдығын рұқсат етілмеген орындарға тастау деректері анықталды. Осыған орай мамандар құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдады.
Сонымен қатар, тұрғындарға, мердігер ұйымдарға және құрылыс жүргізіп жатқан адамдарға экологиялық нормаларды сақтау, құрылыстағы және тұрмыстық қалдықты тек белгіленген орындарға шығару жөнінде түсіндірілді.
Қала аумағында санитариялық ахуалды жақсарту, заңсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу бағытындағы бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.
Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны күтіп ұстап, тазалықты сақтауға шақырамыз. Тәртіп бұзғандар жауапкершілікке тартылады.