ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ - ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ БӨЛІГІ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ - ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ БӨЛІГІ

Ел арасында «Отан отбасынан басталады» деген қағи­­да қай заманда да маңызын жойған емес. Отбасы - кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Өйткені, ол белгілі бір әлеуметтік институт. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді. Осы ретте Шымкент қаласы әкімдігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Алтын орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Отбасылық құндылықтар» тақырыбы аясында үшінші шаһар жастарына арналған ерекше жиын өтті.

Аталған жиында еліміздегі өзекті тақырып, АЭС салу мәселесі мен жақындап қалған республикалық референдум жайында сөз болды. Жастарды азаматтық белсенділік танытып, болашаққа жасалатын маңызды қадам жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Болашақ дәрігерлер мен жалпы жастар қауымына биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы алғашқы ЭКО нәрестенің авторы, «Экомед» клиникалар тобының және “NGC” халықаралық репродукция орталығының негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі, «Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау ісінің үздігі» Салтанат Берденқызы Байқошқарова дәріс оқыды. Іс-шараның басты мақсаты жас отбасы иелеріне және болашақта отбасын құруды жоспарлап жүрген жастарға одақтас жұптың, яғни жас отбасы мүшелерінің құндылықтары жайлы, берік шаңырақ құрудың, сәби сүюге дайындықтың маңызын түсіндіру.

Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілік тұрғыдан маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.

«Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық», деді Салтанат Берденқызы өз сөзінде.