КӨКТАЙҒАҚТА АБАЙ БОЛЫҢЫЗДАР!

КӨКТАЙҒАҚТА АБАЙ БОЛЫҢЫЗДАР!
Қыс мезгілінің аязды, тайғақты күндерінде жарақат алатындардың саны артатынын айтқан қаланың травматолог- дәрігерлері осы күндері сақ болуды айтады. Олардың хабарлауынша, соңғы күндері мұзтайғақтан зардап шеккен науқастар көбейген. Мәселен өткен тәулікте Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының травматологиялық бекетінің көмегіне 21 науқас жүгінген. Аяқ-қолы сынып-шыққан немесе басқа да жарақат алған жерлестерімізге дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, емдеу шараларын жүргізуде.
Дәрігерлердің айтуынша, көбіне егде жастағы кісілер тайып жығылып, жарақат алады. Қазіргі таңда қалалық клиникалық аурухана күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуде.
“Қыс мезгілінде көктайғақтан зардап шеккендер саны артады. Сондықтан сақтық шараларын ұстануды сұранамыз. Ол үшін аяқ киімді дұрыс таңдап, мұз жолдарды айналып өту керек және мұқият болған абзал”, - дейді дәрігер-травматолог Мақсұт Елікбаев.
Егер сіз жаяу жүргіншінің мұзда тайғанап құлауының куәгері болсаңыз — жедел жәрдемді шақырыңыз, немесе зардап шегушіні жақын маңайдағы травматологиялық пунктке жеткізіңіз. Ал жол көлік оқиғасы кезінде жедел жәрдем келгенше тасымалдауға үзілді-кесілді тыйым салынады!
Егер қол-аяқ жарақаттанған болса – оның қозғалмайтындығын қамтамасыз етіңіз, суықты басыңыз.
Көктайғақ жағдайында қарапайым қауіпсіздік қағидаттарын білу және оларды сақтау өте маңызды.