
World Cleanup Day - Дүниежүзілік тазалық күніне орай шаһарда жалпықалалық сенбілік іс-шаралары өткізілді. Халықаралық экологиялық акция және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына қала тұрғындары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, аудандық коммуналдық мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер белсене қатысты.
Дендрологиялық саябақта өткізілген экологиялық акцияда жалпы көпшілік аумақта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш жапырақтарын, қоқыс жинауға атсалысты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көпшілікке қоршаған ортаны, өз ауламызды таза ұстаудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, шаһар басшысы аумаққа қырғауыл ұшырылып, тиіндер және көлге балықтар жіберу іс-шарасына куә болды.
World Cleanup Day – бұл жай ғана тазалық жұмысы емес. Бұл қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды жеке ісіңмен көрсетуге және туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлесіңді қосуға мүмкіндік. Осы орайда еліміздің тұрғындары, волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері бірігіп, қаламыз бен табиғи аумақтарды таза ұстауда белсенділік танытты. Республика бойынша қоғамдық және табиғи аумақтарды, су айдындарының жағалауларын, саябақтар мен басқа да аумақтарды қоқыстан тазарту бойынша іс-шаралар өтті.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі барша ниет білдірушілерді World Cleanup Day акциясына қатысуға шақырады. Таза Қазақстан әрқайсымыздан басталады.